Тұтынушы заң бойынша қандай тауарларды қайтара алмайды
Кез келген тауарды қайтару үшін алдымен оны дәл сол жерден сатып алғанын дәлелдеу керек. Ол үшін чекті немесе келісімшартты көрсету қажет
Қазақстанда тұтынушылардың құқығын қорғайтын арнайы заң бар. Оған сәйкес, сапасыз тауарды, тіпті ұнамай қалған затты қайтаруға болады. Ал кассада мүлдем басқа бағаны айтса, тауардың өзінде көрсетілген бағаға сатуды талап ете аласыз. Сондай-ақ қайтаруға болмайтын өнімдер де бекітілген. Sputnik Қазақстан заңның негізгі баптарына шолу жасады.
Қандай тауарды қайтаруға болады?
"Тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы" заңның 14-бабына сәйкес, тұтынушылар тауарды айырбастауға немесе қайтарып беруге құқылы. Мысалы киімнің түсі немесе фасоны ұнамай қалса, басқасына айырбастай алады. Бірақ бірнеше талапты ескеру керек. Олар:
- тауарды бүлдірмеу;
- этикеткасын сақтау;
- тауарды сатып алғаны туралы құжаттарды көрсету.
Азық-түлікке жатпайтын тауарды 14 күннің ішінде айырбастауға болады. Тұтынушы баға айырмашылығын төлейді. Ал айырбастайтын тауар болмаған жағдайда сатып алушы ақшаны талап етуге құқылы.
Сапасыз тауарға қандай талаптар қойылады?
Сатушы тауардың кемшілігін айтпай, сатып жіберсе, тұтынушы оған бірнеше талап қоя алады. Атап айтқанда:
- бағаны арзандату;
- тауардың кемшілігін өтеусіз жою;
- тауардағы кемшілікті жоюға жұмсаған өз шығынын өтеу;
- соған ұқсас маркалы тауарға ауыстыру;
- сатып алу бағасын тиісінше қайта есептей отырып, басқа маркалы (моделді, артикулді) сондай тауарға ауыстыру;
- тауар үшін төленген ақшалай соманы қайтару.
Тұтынушылар тауардың кемшілігі салдарынан өз өміріне, денсаулығына және мүлкіне келтірілген залалды толық көлемде өтеуді талап ете алады.
Талап қою мерзімі қалай есептеледі?
Заңның 17-бабында тауардың кемшілігіне қатысты талап қою мерзімі де көрсетілген. Жарамдылық және кепілдік мерзімі болса, сол уақыттың ішінде талап қоюға болады.
Ал кепілдік немесе жарамдылық мерзімі белгіленбесе, сатылған тауар тұтынушыға берілген күннен бастап екі жылдың ішінде талап қоюға мүмкіндік бар.
Кей кезде кепілдік мерзімі екі жылдан аз болады. Бірақ тауардағы кемшілік кепілдік мерзімі өткеннен кейін анықталып жатады. Егер тұтынушы тауардағы кемшілік оны алғанға дейін болғанын дәлелдесе, сатушы айтқанын орындайды. Ал тауарды немесе оның бір бөлшегін ауыстырғаннан кейін кепілдік мерзімі қайтадан басталады.
Тауар поштамен жіберілсе, кепілдік мерзімі не тауардың кемшілігін анықтау мерзімі тұтынушы оны алған күннен, ал орнатуды немесе жинауды қажет етсе, орнатылған күннен бастап есептеледі.
Сосын тағы бір маңызды мәселені ескерген жөн. Тұтынушы сатушының кесірінен тауарды пайдалана алмай отырса, кепілдік мерзімі не тауардың кемшілігін анықтау мерзімі сатушы сол мән-жайларды жойғанға дейін есептелмейді. Ал тауардың берілген күнін анықтау мүмкін болмаса, бұл мерзім тауар дайындалған күннен бастап саналады.
Заң бойынша тауардың дайындалған айы мен жылы, я болмаса, жылы ғана көрсетілсе, оның дайындалу күні сол айдың немесе жылдың соңғы күні болып есептеледі.
Тауарды қайтару үшін қандай құжат қажет?
Кез келген тауарды қайтару үшін алдымен оны дәл сол жерден сатып алғанын дәлелдеу керек. Ол үшін чекті немесе келісімшартты көрсету қажет.
Осы екі құжат болмаса да, тауарды қайтаруға болады. Бірақ нақты дәлелдерді келтіру керек. Олар:
- фото немесе видео;
- куәгерлер;
- сатып алуды растайтын басқа да құжаттар.
Тауар интернет арқылы сатып алынса, тауар-көлік жөнелтпе құжатын көрсетуге болады. Бірақ чек – бұл басты құжат. Сондықтан кез келген тауардың чегін сұрап, сақтап отырған дұрыс.
Тұтынушы картамен төлесе, ақша сол картаға қайтарылады. Ол үшін карта нөмірін айтып, жеке куәлік, төлқұжат немесе жүргізуші куәлігін көрсету керек. Ақша бірден түспеуі мүмкін. Банк ондай операцияны 3-10 күннің ішінде орындайды.
Қайтаруға болмайтын тауарлар
Тұтынушы кейбір тауарларды қайтара алмайды. Сатушы қайта қабылдамайтын өнімдер:
- дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар;
- ұялы телефондар;
- шұлықтар;
- өсімдіктер;
- жануарлар;
- өлшеніп сатылатын тауарлар (маталар, кілемдер, кабельдер және тағы басқа).
Тұтынушыға арналған сайт
Қазақстанда тұтынушылардың арыз-шағымына арналған e-tutynushy.kz сайты бар. Сол жерде кез келген адам нақты бір сатушыға қатысты арызын қалдыра алады. Шағымды қарау тәртібі:
- тұтынушы арыз қалдырады;
- сатушы 10 күннің ішінде тұтынушымен арадағы мәселені шешеді;
- осы уақыттың ішінде мәселе шешілмесе, мемлекеттік органдар көмектеседі.
Айта кетері, тұтынушы мен сатушы арасындағы дау өзара шешілмесе, соттың көмегіне жүгінуге тура келеді.
Кассада мүлдем басқа бағаны айтса, не істеу керек?
Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заңның 24-бабына сәйкес, сатушы тауарды бағалар заттаңбасымен рәсімделген, сауда объектісінің ішкі және (немесе) сыртқы витриналарында көрсетілген құнымен сатуға міндетті. Сол себепті кассада мүлдем басқа бағаны айтса, тұтынушы тауардың заттаңбасында көрсетілген бағаға сатуды талап ете алады. Ақшасын төлеп қойған жағдайда айырмашылығын қайтаруға мүмкіндік бар.
Тауардың заттаңбасында көрсетілген бағаны фотоға немесе видеоға түсіріп алған жөн. Сосын сауда орнының әкімшілігіне арыз түсіруге болады. Сатушы тұтынушының талабын орындамаса, құзіретті мемлекеттік органдарға шағым түсіру керек. Ондай тәртіпбұзушылықтар үшін 200 айлық есептік көрсеткішке (583 400 теңге) дейінгі мөлшерде айыппұл салынады.