Түркітілдес елдер Универсиадасы
Түркия астанасында түркі елдері студенттерінің І Универсиадасы өтіпті. Онда Қазақстан студенттері бірінші орын алыпты. Жүлде алған студенттеріміздің аты-жөндерін білуге бола ма?
Темірлан Б., Алматы қаласы
Түркітілдес елдердің студенттері спорттың 5 түрі бойынша бақ сынаған болатын. Олар – үлкен теннис, баскетбол, волейбол, грек-рим және еркін күрес. Қатысушы елдер саны көп болған жоқ: Түркия, Түрікменстан, Қырғызстан және Қазақстан. Бес күнге созылған бәсекелер қорытындысы бойынша 8 алтын, 6 күміс, 4 қола медаль иеленген қазақстандықтар жалпы командалық есепте бірінші орынды жеңіп алды.
Теннисші қыз-жігіттеріміз командалық есепте де, жекелей сында да қарсылас шақ келтірмеді. Қыздар арасында Елена Шагарова алтын алып, Ольга Подберескина қола жүлде иеленді. Жігіттер арасында Самат Бейсенов пен Гаип Данияров финалда кездесіп, бірінші-екінші орынды өзара бөлісті.
Алтын жүлденің көбісін балуандарымыз олжалады. Грек-рим күресінен Әсет Әділов (74 келі) және Ерұлан Исақов (96 келі) бірінші орынды жеңіп алса, Нұрбек Беркімбаев (55 келі), Шыңғыс Сыдықов (60 келі) және Шыңғыс Қайырмағамбетов (66 келі) күміспен күптелді. Еркін күрестен Абылай Телтаев (55 келі) және Әлихан Жұмаев (74 келі) алтын медаль олжаласа, Нұрдәулет Сейітқұлов (60 келі), Қанат Бердиев (84 келі) және Ильяс Сатыбалдин (96 келі) қола жүлдеге қол жеткізді.
Волейболшы қыздарымыз финалда түрік қыздарынан 0:3 есебімен ұтылып қалса, баскетболшыларымыздың жолдары мүлде болмады. Олар алғашқы айналымда түріктерден ұтылып, жүлдеге жетпей сүрінді.
Еліміздің студенттерін Анкараға бастап апарған Қазақтың спорт және туризм академиясының ректоры Қайрат Закирянов: «Бұл дода түркітілдес елдердің студенттерінің ынтымақтастығын қалыптастырады. Спорт арқылы ғылыми және мәдени байланыстарды орнатамыз әрі бұл универсиада өз жалғасын табатын болады», – деді.