Түркия мемлекетінің Дін істері жөніндегі басқармасы (ДИЯНЕТ) ерлі-зайыптылардың ажырасуы турасында тосын пәтуа таратты. «Егер ер-азаматтар өз жұбайларын анасы немесе қарындасы деп атаса, олардың некелері бұзылған болып саналады. Алайда, бұған дейін олар ажыраспаған болса, қайта некелесулеріне болады» делінген Дін істері жөніндегі басқарма сайтында.
Айта кетейік, ажырасу мәселесі бойынша Түркия елінде бұған дейін де бірнеше пәтуа жарияланған болатын. Солардың соңғысы бойынша байланыстың кез келген түрімен, яғни телефонмен, факс немесе электронды пошта арқылы ажырасуға ерік берген еді. Тек бұл ретте ер-азамат «талақ» сөзін үш рет айтуы немесе жазуы тиіс.
Ал, биылғы жылы жаз айында Үндістан мемлекетінің Жоғары соты мыңдаған мұсылман әйелдердің тілегіне құлақ асып, мұсылман азаматтардың «үш талақ» айтуына тыйым салған болатын.