Турин процесі деген қандай жүйе?
Соңғы жылдар ҚР білім беру саласына көптеген жаңа жүйелердің енгізілгенін естіп жатырмыз. Солардың бірі – Турин процесі. Осы жүйе туралы нақтырақ түсініктеме берсеңізер...
Әйгерім Алдабергенқызы, Талғар қаласы
Осыдан бірнеше жыл бұрын алғаш рет Турин процесін Еуропалық білім беру қоры енгізген болатын. Бүгінде осы қормен серіктес 29 ел өздерінің білім жүйесінде Турин процесін енгізіп жатыр. 2010 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Еуропалық білім беру қоры (ЕБҚ) арасында ынтымақтастық туралы Декларацияға қол қойылды. 2011 жылдан бері осы хаттама негізінде ынтымақтастық іске асырылып, біздің елімізде де Турин процесі енгізіле бастады. Турин процесі – негізінен кәсіби және арнайы білімді дамытуға арналған жүйе. «Бұл жүйе бойынша кез келген адамның кешенді түрде білім алуына, арнайы білім беру ордаларындағы ұстаздардың рөлін жоғарылатуға, оқу орындарын заманға сай жабдықталуына мүмкіндіктер мол» дейді мамандар. Аталған жүйеде білім беруге шығармашылық және инновациялық тұрғыда қарауға басты назар аударылады. Турин процесін енгізген елдер бір-бірімен еркін түрде тәжірибе алмаса алады. Осы мақсатта халықаралық жиындар жиі өткізіледі. Қазіргі таңда көптеген мемлекет техникалық, кәсіби және арнайы білімді дамытуға күш салып жатыр. Біздің елімізде бұл жүйе біртіндеп колледждерде енгізіліп, оқу бағдарламалары осы жүйеге негізделіп өзгертілуде.