Халықтың табысы аз әлеуметтік әлсіз тобына жататын азаматтар, бюджеттік ұйым қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер т.б. «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы бойынша үйге кезекке тұру үшін тіркеулері бойынша аудандық ХҚКО құжаттарын өткізуі керек екен. Осыны толықтырып айтып бересіздер ме? Мемлекеттік бағдарламамен тұрғын үйге кезекке тұруы үшін қандай құжаттар өткізуі керек, оның жолдары қалай жүзеге асырылады?
Назгүл, Алматы қаласы
Халықтың табысы аз әлеуметтік әлсіз тобына жататын азаматтар, бюджеттік ұйым қызметкерлері, мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алуына мүмкіндіктері бар. Олар тиісті құжаттарын өткізіп, үй алуға кезекке тұруына болады. Ол жергілікті жерлердегі халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО-ы) арқылы жүзеге асады. Бұл бойынша ХҚКО өткізетін құжаттардың бекітілген тізбесі бар. Үйге мұқтаж азамат ең бірінші Алматы қаласында тіркеуге тұруы тиіс, одан кейін бес жыл бойы оның атында ешқандай жылжымайтын мүлкі болмауы керек. Егер осы бес жыл ішінде оның атында үй немесе жер болатын болса, болмаса оны қасақана сатса, онда ол үй алуға құжаттарын өткізе алмайды. Сондай-ақ, мысалы, ол Алматы қаласында тіркеуде тұрып, Алматы облысында жері, үйі болатын болса, оның да құжаты қабылданбайды. Себебі көрсетілген заң бойынша, үйге мұқтаж азаматтың жылжымайтын мүлкі бес жыл бойы Қазақстан аумағында болмауы тиіс. Онымен қоса, жанұясының барлығы Алматыдағы бір мекенжайда тіркелуі керек. Қалған керекті құжаттар: жұмыс орнынан анықтама, бухгалтериядан табысы жөнінде анықтама, еңбек кітапшасының көшірмесі, жанұясының барлығының туу туралы куәлігі әрі ерлі-зайыптының жеке куәлігі міндетті түрде қажет.