Қырғызстандағы саяси ахуалдың тұрақсыздығы туралы естіп жатырмыз. Менің білгім келетіні, тұрақсыздығына қарай елдердің тізімі жасалып отыра ма?
Ерік НҰРЖАНҰЛЫ, Алматы облысы
Иә, бірақ сараптамалық деректерде мемлекеттерге қатысты «тұрақсыздық» дегеннің орнына «қабілетсіздік» деген ұғым қабылданған. Яғни әлсіз немесе тиімсіз басқарушылық, қылмыс пен коррупцияның жоғары деңгейі және т.б. өлшемдер бойынша қабілетсіз елдердің рейтингі құрастырылады. Америкалық Бейбітшілік қоры мен «Сыртқы саясат» журналы құрастырған рейтингтегі кейбір елдерді назарларыңызға ұсынамыз. 2009 жылғы бұл рейтинг бойынша барлығы 177 елдің ішінде Сомали – ең тұрақсыз, Норвегия ең тұрақты ел болып саналды. Айта кетерлігі, тұрақсыз елдер көбінесе Африкаға тән болып шықты.