Қазақстандағы тұңғыш теміржол магистралі қашан пайда болды? Осыны білсем деймін...
Гүлжаз ҚАЙЫРБЕКҚЫЗЫ, Алматы қаласы
Қазақстан жеріндегі тұңғыш теміржол магистралі 1894 жылдың 25 қазанында Покров слободасы (бүгінде РФ Саратов облысындағы Энгельс қ.) Орал тар табанды теміржол телімінің құрылысы аяқталғаннан кейін ашылды. Осы жолдың 130 шақырымы қазіргі Қазақстан жері арқылы өткен. Арада төрт жыл өткеннен кейін Урбах-Астрахан тар табанды теміржолы іске қосылды. Мұның да 77 шақырымы қазақ даласын басып өтті. Солтүстік Қазақстанның дамуы үшін 1891-1896 жылдары салынған Транссібір магистралінің, дәлірек айтқанда, оның «қазақстандық» 190 шақырымының маңызы зор еді. Бұл жол қазақ пен орыс халықтарының экономикалық және мәдени жақындасуына үлкен үлесін қосты. 1901-1906 жылдары Қазақстан жерінің 1660 шақырымдық аумағын алған, Орта Азия мен Ресейдің орталығын қосатын, Орынбор-Ташкент теміржолы салынды. 1914-1917 жылдары болашақ Түрксібтің бір бөлігі Жетісу жолының Арыс-Пішпек телімі салынды. 1915 жылы Челябинск-Троицк-Қостанай (Қазақстан арқылы 166 км) магистралі салынды. 1915-1917 жылдары соғылған Алтай теміржолының (Новосибирск-Семей) 122 шақырымы Қазақстан жері арқылы өтті. Бұдан басқа, 1918 жылға дейін 117 шақырымдық Екібастұз-Ермак тар табанды темір жолы жұмыс істеп тұрды. 1918 жылға қарай Қазақстан аумағындағы шойын жолдың жалпы ұзындығы 2,6 мың шақырымға жетті. Кеңес заманының алғашқы теміржолы 1920-1922 жылдары салынған Петропавл-Көкшетау телімі болды. Қазақстанның түкпірдегі аймақтарын дамыту және астықты шығару қажеттілігіне байланысты 1926-1931 жылдары Бурабай курорты және Ақмола стансылары арқылы Қарағандыға дейін жалпы ұзындығы 700 шақырымнан асатын жол салынды. 1924 жылы Құлынды-Павлодар теміржол желісі құрылды. Ембідегі мұнай кәсіпшілігінің дамуына 1926 жылдан басталған Гурьев-Доссор тар табанды жолы ықпал етті.
Тұңғыш теміржол магистралі қашан пайда болды?
Последние статьи автора