Мен туберкулез ауруына шалдықтым. Туберкулезге қарсы диспансерде жиі ем аламын. Бұл дертке шалдыққан науқастарға мемлекет тарапынан нақты қандай көмектер көрсетіледі?
Айжан, Атырау облысы
ҚР Туберкулез мәселелері ұлттық орталығы мамандарының айтуынша, туберкулездің ашық түрі – жұқпалы ауру. Сондықтан науқастың ауруы туберкулездің жабық түріне айналмайынша, ауруханадан шығуға болмайды. Сондай-ақ туберкулез ауруына шалдыққан адамдар санаты бойынша мүгедектікке жатпайды. Оларға мемлекет тарапынан тегін пәтер берілмейді. Атырау облысында Жаһандық қор арқылы 250-ден астам науқасқа тоқсан сайын әлеуметтік көмек көрсетіледі екен. «Сондықтан туберкулезге шалдыққандардың отбасына әлеуметтік қолдау көрсетіп, жұмыс тауып беруді немесе азық-түлікпен қамтамасыз етуді жолға қоюымыз керек. Сонымен қатар кейбір облыстарда туберкулездің күрделі түрімен ауыратындар бар. Оларды отбасынан оқшаулап ұстауымыз қажет. Ол үшін мұндай науқастарды шағын пәтерлермен қамтамасыз етсек, дұрыс-ақ болар еді», – дейді аталмыш орталықтың басшысы Тілеухан Әбілдаев.