Газеттеріңіздің өткен нөмірінен Еуропалықтардың тоталитарлық жүйе мен фашизмді теңестіргені жөнінде ақпарат оқып едім. Маған тоталитарлық жүйені өз ішінен қалай бөлінетінін айтып бере аласыздар ма?
Болат ҚЫРҒЫЗБАЕВ
Тоталитарлық жүйеде билік өкілдері қоғамдық өмірді толығымен дерлік өз бақылауына алуға тырысады. «Тоталитар» сөзі «толығымен», «жалпы» деген мағына береді. Бұл ұғым алғаш рет ресми түрде ХХ ғасырдың басында италиялық фашизмнің өкілі Дж.Джентиленің аузынан шықты. Тоталитарлық жүйе орнаған мемлекеттердің әрбірінде өзіндік ерекшеліктер болады. Саясаттану ғылымы тоталитарлық жүйені үш топқа бөліп қарайды. Алғашқысы – коммунистік тоталитаризм. Бұл режимде адамдар жекеменшікке ие бола алмайды, нәтижесінде, индивидуализмге шектеу қойылып, ұжымдық сананың дамуына кеңінен жол ашылады. Тоталитарлық жүйенің келесі бір түрі – фашизм. Мұндай жүйені бір кезде Италия мен Германия ұстанды. Ерекшелігі – халықты демократияға қарсы бағытта жүруге, жауынгерлік рухқа, нәсілшілдікке, шовинизмге тәрбиелейді. Үшінші топқа ұлтшыл-социализмді жатқызады. Бұл идеологияны III Рейх, яғни Гитлер салған болатын. Оның бойында фашизмнің де коммунистік тоталитаризмнің да ұстанымдары бар. Ерекшелігі – әлемдегі барлық халықтардың арасынан бір нәсілдің өкілдерін ғана жоғары санап, мемлекетті тек сол ұлттың өкілдерімен ғана құрауға ұмтылуында. Мұндай саясат Германиядан басқа елдерде үкімет ұстанымы деңгейіне көтеріле алмағанымен, белгілі бір партия, топ өкілдерінің ұраны ретінде жиі көрініс беріп отырды. Атап айтқанда, венгрлердің «айқыш жебе» партиясы, румындардың «Темір гвардия», сондай-ақ француздар мен австриялықтардың да арасында болды.
Тоталитаризм деген не?
Последние статьи автора