Төсек қандаласынан қалай құтыламын?
І Алматы ауданында тұрамын. Үйдің ішінде, әсіресе терезенің маңында ұсақ сарғылт түсті қоңыздар қаптап кетті. Диванымыз терезеге жақын болғандықтан, қазір бұл қоңыздар төсек-орынның қуыс-қуысына толып алды. Ең сорақысы, бұл қоңыздар шағатынды шығарды. «Дихлофос» және басқа да препараттарды қолдандық, кетпейді. Не істеу керек?
Гүлназ Дәлелханова, Алматы қаласы
Санитар-эпидемиологтердің айтуынша, бұл төсек қандаласы аталатын жәндіктер болуы мүмкін. Тұрмыстық жәндіктер қатарына жататын бұл қанатсыз қоңыздар адамды шағып, қанын сорады. Төсек қандаласы күндіз қалтарыстарға жасырынып, түнде белсенді әрекетке көшеді, ол шаққанда адамның терісі бөртіп, қышиды, ұйқысы қашады, еңбекке қабілеттілігі төмендейді. Қандалалар жұмсақ жиһаздың қуыстарына, плинтустарға, төсеніштің астына, сылақ арасына, жақтаулар тасасына, электр бұйымдардың ойықтарына, тағы басқа түкпірлерге тығылып, жұмыртқа салады. Сол себепті ол бір пайда болса, жойылмай, үнемі көбейіп отырады. Төсек қандаласын залалсыздандырғыш құралдармен қолдан өлтіріп, жою мүмкін емес. Ол үшін дезинфекция мекемелеріне хабарласу қажет.