Тоқымдай жер үшін талас көп
Әлемде қожайыны әлі анықталмаған, талас тудырушы территориялар көп пе?
Нұржан Әділов, Алматы
Нақ қожайыны анықталмай жер дауын туғызып жүрген аймақтар өте көп. Бүгінде Мавритания мен Марокко мемлекеттері Батыс Сахара аймағы үшін таласып жүр. Франция Майоте аралы үшін Комор Аралдары Федеративтік Ислам Республикасымен жанжалдасуда. Ал Британия мен Аргентина мемлекеттері Фолкленд аралдарының қожайынын анықтай алмай соттасуда.
Эстония мен Латвия мемлекеттерінің арасында Нарва, Печорск өзендерінің жағалауын иеленуге бәсеке бар. Атышулы Палестина маңындағы жанжалдардың төркіні де осы жер дауы. Жуырда Германия парламенттері Калининград елді мекенінің бір кездері өздерінікі болғандығын еске түсіріпті. Соңғы кездері Ресей мен Жапония арасында Куриль аралдары үшін үлкен айтыс жүріп жатыр. Кавказ маңы да бүгінгі геосаясаттағы үлкен даулардың себепкеріне айналды. Каспий теңізі де әлі анық бөлінбеген даулы аймақ болып саналады. Мұзы еріп, астынан қара жер көріне бастаған Арктика аймағы болашақта Ресей, Канада, Америка, Дания, Норвегия, Исландия, Британия секілді алпауыт мемлекеттердің арасындағы үлкен дауға түрткі болайын деп тұр. Ең ақыры, адам баласына тұрақ бола алмайтын Антарктида құрлығы үшін де Австралия, Аргентина, Жаңа Зеландия, Чили, Ресей мемлекеттері жағадан алысуда.