Төлем карточкасы қаншалықты қауіпсіз?
Мен жалақымды карточка арқылы аламын. Алайда кейбір жерлерден оның қауіпті екенін естіп қаламын. Жалпы, төлем карточкасының қауіпсіздігі қаншалықты қорғалғанын білуге бола ма?Жанна БілӘлова, Астана қаласы
Әзірге, Қазақстан азаматының жалақы алатын карточкасынан ірі көлемде ақша ұрлау орын алған емес. Ал банкоматты тонау немесе пин-кодын біліп, жақын адамы карточкасын жымқыруда ондағы ақшаны ұрлау секілді заңбұзушылықтар тіркелген. Дегенмен бұл карточка төлемі жүйесінің толыққанды қауіпсіз екенін білдірмейді.
АҚШ, Қытай секілді дамыған елдерде карточкадан ақша ұрлау кеңінен қанат жайған. Оған бір ғана Қытайда биылғы жылдың басынан бастап тамыз айы аралығында төлем карточкасына қатысты 6 мың 362 қылмыстық іс тіркелгендігі айғақ бола алады. Негізінен, мұндай қылмысқа хаккерлерден бастап қатардағы ұрлықшыға дейін өз «үлесін» қосады. Хаккерлер банк жүйесін бұзу арқылы сіздің есеп-шотыңыздағы ақшаны ұрлай алса, ал ұрлықшылар банкоматтарға бейнекамера немесе бұйрық теретін пернеге өзге құрылғылар орнату арқылы біреудің карточкасын пин-кодымен көшірмелеп алады. Сөйтіп, емін-еркін оны пайдалануға қол жеткізеді.
Сондықтан әлемде банкомат қызметіне жүгінуде құпия санды тергенде, оны алақанымен жауып тұруға кеңес берілгенін еске сала кетелік.