Тірі адамдарға ескерткіш тұрғызуға бола ма?
Заң бойынша тірі адамдарға ескерткіш орнатуға болмайды дегенді естіп едім. Осы рас па?
Әйгерім ҚҰЛЫМБЕТОВА, Қарағанды облысы ,Жезқазған ауданы
Негізі, адамның тірі кезінде оған мүсін немесе ескерткіш қоюға болмайды деген заң жоқ. Алайда бұл қазақ дәстүріне де, тіпті ислам діні тұрғысынан да жат қылық болып табылады. Дегенмен еліміздегі кейбір суретші-мүсіншілер: «Қазақстанда тірі адамдарға ескерткіш қоймау керек деген заң жоқ. Сондықтан қаржысын берсе, онда тұрған не бар? Қайта ауласына сәнді қылып қойып қояды», – дегенді алға тартады. Бұл жөнінде бізге ҚМДБ баспасөз хатшысы Оңғар қажы Өмірбек діни тұрғыда былай деп жауап берді:
– Қазір бізде ескерткіш қоюды жетістік санап, тіпті сол адамға деген үлкен құрметтің белгісі, символы ретінде қарайтындар көбейіп барады. Былайша айтқанда, бізде біреулерді құрметтеу керек болса, соған дереу ескерткіш қоямыз. Бұл діни тұрғыдан да, қазақы салтқа да қайшы келеді. Діни тұрғыдан айтатын болсақ, тірі адам тұрмақ, өлі адамның өзіне де ескерткіш орнатуға болмайды. Себебі бұл Аллаға серік қосып, пұтқа табынушылық болып есептеледі. Екінші жағынан, оған апарып гүл қою, тағзым ету – тасқа табынудың бір түрі. Ескерткіш орнату христиан дінінен шыққан. Біз Кеңес өкіметі кезінде осыған үйреніп алдық. Осы үрдістен әлі арыла алмай келеміз. Өлген адамның басына тасты үйіп қойғанша, одан да құран бағыштап, артық қаржыны кедей-кепшікке, жетімдерге берген дұрыс. Зираттың басына үлкен сарайдан күмбез орнатқанша, мектеп, балабақша, медресе, мешіт салдырған әлдеқайда сауапты іс болады.