Жақында ғана аяқталған, «Үлкен дулыға» турнирлерінің бірі – «Австралия оупен» додасы ойындарын көріп отырып, теннисші қыздардың неге соншалықты айқайлайтынына таңғалдым. Әрине, айқайлау арқылы олар күш жинағысы келетін шығар. Бірақ бір теннисшінің айқайы қарсыласына кері әсер етеді ғой. Қарсыласы түгіл, көрерменге де матчты көруге кедергі келтіреді екен. Бұған басшылық тосқауыл қоймаған ба? Теннисшілер ішінде ең қатты айқайлайтыны кім?
Динара ӘБДІҒАНИҚЫЗЫ, Павлодар облысы
Теннисшілердің, әсіресе нәзік жанды қыздардың қызу ойын кезінде қатты айқайлауы біраз адамның жүйкесін жұқартты. Ресейлік Мария Шарапованың допты қайтара соққанда шығаратын дауысы 105 децибелден асады екен. Бұл кішігірім ұшақтың двигателі шығаратын дыбыстан да артық. Серена Уильямстың дауысы – 90 децибелл, ал Мишель Ларше дель Бритоның жандауысы 109 децибелді көрсеткен. Бұл дегеніңіз – арыстанның айқайына сәл жетпей қалған көрсеткіш. Теннисшілер арасында айқайлауды алғаш рет дәстүрге енгізген Моника Селеш болатын. 1992 жылы Уимблдон турнирінің ақтық сынында оған қатты айқайлауға тыйым салынды. 2009 жылғы Уимблдон сайысы кезінде ұйымдастырушылар қатты айқайлаған теннисшілерге айыппұл төлеткен. Алайда айқайлауға болмайды деген заң теннисте жоқ. Брунель университетінің профессоры Элисон Макконнелль теннисші айқайлағанда оның соққысы қатты шығады және тепе-теңдікті арттырады деген қорытынды шығарды. «Мәселен, қандай да бір жиһазды көтеретін кезде, не болмаса қиын шаруа атқаратын сәтте кез келген адам бір күрсініп немесе «ауп» деп, бойындағы күшін жинап алады емес пе?! Теннисте де сол сияқты», – деп түсіндіреді профессор. Ал қатты айқайлағанда қарсыластың ойы бөлініп, соққыға жауап бере алмауы мүмкін. Өйткені дыбысқа елеңдеген кезде доптың траекториясын бағамдау қиынға түседі. Атақты теннисші, Данияның сымбатты қызы Каролин Возняцкий қатты айқайлаған теннисшілер ойын кезінде қарсыласына кері әсер ететінін айтады. Оның ойынша, кейбір теннисшілер жаттығу кезінде айқайламай, тек кортта, ресми матчта айқайлап, әдейі істейді екен. «Қарсыласың қатты айқайлап, допты ұрған кезде доп қатты екпінмен келе жатыр деп ойлайсың. Бірақ ол мүлдем олай болмай шығады. Содан соң ұпай жоғалтасың», – дейді Каролин.
Ерлер арасында тек теннисші Рафаэль Надаль ғана жиі айқайлап көзге түсіп жүр. Жалпы, айқайлау тек теннисшілерге ғана тән емес. Каратэ және тағы да басқа Шығыс жекпе-жектерінде спортшылар жігерлене түсу үшін айқайлағанды ұнатады.
Теннисті айқайлап ойнаушы ма еді?
Последние статьи автора