Теңіздегі мұнай өндірісіне қатысты қандай экологиялық талаптар бар?
Каспий теңізінде мұнай өндіруші компаниялар жұмыс істеп жатқаны белгілі. Қоршаған ортаны қорғау министрлігі тарапынан олардың қызметіне қатысты ережелер мен айрықша нормалар бар ма?
Айнұр Темірғалиева, Қызылорда облысы
Каспий теңізіндегі жұмыстарға арналған ерекше ережелер ҚР Экологиялық кодексіндегі жеке тарауда ұсынылған. 38-тарау «Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі мемлекеттік қорықтық аймақтағы шаруашылық және өзге қызметті жүзеге асыру кезіндегі экологиялық талаптар» деп аталады. Теңіз кен орындарын игеру барысында қоршаған ортаға залал келтірмеу, залалдың алдын алу шаралары жобалау сатысының өзінде іске асырылады. Бұдан кейін мемлекеттік экологиялық бақылауды жүргізу барысында жобалық шешімдер мен табиғатты қорғау заңнамасының талаптары орындалады. Каспий теңізінде мұнай-газ операцияларын қауіпсіз жүргізуге бағытталған заң жобасы ҚР Парламенті Мәжілісінің табиғатты қорғау жөніндегі комитетінің жұмыс тобымен қаралған.