Театр маусымы қашан басталады?
Батыс Қазақстан облыстық драма театрының жаңа маусымында қандай қойылымдар бар?
Айбар, студент
Ғ.Құрманғалиев атындағы БҚО филармониясының кезекті 47-нші маусымы кеше ғана басталды.
Елу жылға жуық тарихы бар бұл филармония репертуарында әдеттегідей халық ән-күйлерімен қатар, классикалық шығармаларға, қазақ және шетел композиторларының туындыларына кең орын берілмек. Маусымашар салтанатына арналған концерттік бағдарламада «Оралым – асыл қалам», «Ағады Жайық», «Орал кеші» «Гүл-Орал», «Жайық өрнектері», «Орал вальсі» сынды атаулары айтып тұрғанындай, Ақ Жайыққа, Оралға арналған ән-билер орындалды. Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Ермек Қазиев бастаған домбырашылар «Күй-тартыстан» сынға түссе, «Назерке» би ансамблі мың құбыла биледі. Марат Сарбөпеевтей танымал әншілер ән әуелетті. Концерт жиналған көпшілікті бейжай қалдырған жоқ. 1966 жылы құрылған облыстық филармония құрамында Дәулеткерей атындағы Қазақ халық аспаптар оркестрі, «Орал сазы» фольклорлық ансамблі, «Назерке» халық би ансамблі, «Классика» камералық ансамблі, «Орда» аспапты триосы, вокальды-аспапты ансамбль сынды алты бірдей үлкенді-кішілі шығармашылық ұжым, Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Қанатқали Қожақов, Жұмағаным Рахимова, Сәуле Таудаева сынды жекелеген орындаушылары бар.