Тауыс құсы ұша ала ма?
Тауыс ең әдемі құс екені белгілі. Менің білгім келетіні, тауыс ұша ала ма?
Жансая БАҚЫТҚЫЗЫ, Семей қаласы
Жақында қытай ғалымдары тауыстың ерекше сұлулығының сырын ашу үшін зерттеу жүргізген екен. Олардың ғылыми зерттеулеріне сүйенсек, тауыс денесінде тек осы құсқа ғана тән бояулар бөліп шығаратын зат бар көрінеді. Оның қауырсындарының әрбір талы көк, алтын сары, қоңыр, ашық көк болып құбылатыны да содан екен. Қауырсын бойындағы жан-жаққа тармақталатын «бұтақшалар» бар емес пе? Соның әрқайсысы екі қабат кристалл құрылымдарынан тұрады, құрылымдар болса өз кезегінде меланин, кератин ақуызынан құралған деседі. Тауыстың әуел бастағы отаны – Үндістан, Шри-Ланка, Суматра аралдары. Осы елдерді алғаш аралаған еуропалықтардың арасында тауысты ұшпайтын құстың санатына жатқызғандар да бар. Алайда бұл жаңсақ пікір болып шыққан. Тауыстың құлаш жарымнан да ұзын құйрығын көріп, «мына ауыр денесімен ұша алмайтын шығар» деген болжамдар айтылған болуы керек. 1963 жылы Үндістан оны «ұлттық құсымыз» деп жариялады. Бұл сол кезден бастап қадірлі деген сөз емес. Орнитологтар оның қолға үйретілгеніне 3000 жылдай уақыт болды дейді. Цейлонда да көшеде жайбарақат жайылып жүрген құстарды көресіз. Тауыс адамдарға үйренгендіктен үрікпейді, ұша да алады. Оның ұзындығы – 2,5 метр. Ол салмағы әжептәуір болса да, лып етіп жеңіл ұшып, көздеген биігіне оңай көтеріледі екен.