Тауап пен сауап екі басқа
Бір танысым «Тауап» деген «сауап» деген мағынада айтылған сөз» дейді. Алайда мен «тауап» туралы басқаша естіген едім. «Тауап» туралы мағлұмат берсеңіздер. «Тауап» деген не?
Айнұр Серікова, Талдықорған қаласы
Тауап — араб тілінде зиярат ету, бір нәрсені айналу сияқты мағыналарды білдіреді. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – Қасиетті Қағбаны жеті рет ғибадат ниетімен айналу. Тауап – Алла тағаланың аршыны айналасында тауап ететін періштелер тәріздес Алла тағалаға деген сүйіспеншілікпен, тағзыммен жасалатын ғибадат. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тауаптың намаз тәріздес ғибадат екенін білдіреді: «Байтуллаһтың (Қасиетті Қағба) айналасында тауап жасау намаз оқу сияқты. Ерекшелігі — тауапта сөйлеуге болады, бірақ тауап жасап жүріп кім сөйлесе, қайырлы сөз сөйлесін» (Тирмизи, Хаж, 112).
Қағбаның оңтүстік жағындағы бұрышында «Хажарул-Әсуәд» деп аталатын қасиетті қара тас бар. Тауап осы қара тастың қарсысынан басталады. Қағбаны жеті рет айналады. Әрбір айналымға «шаут» делінеді. Жеті рет айналғанда бір тауап толық бітті деп саналады. Тауапта айналымдарды бірінен кейін бірін істеу шарт емес. Тауап толық бітпей жатып, ортасында дәрет алып, намаз оқып, қайтадан айналуды одан әрі жалғастыруға болады.
Тауап жасап жатқан уақытта парыз намаздары үшін қамат айтылса, тауапты тоқтатып, жамағатпен бірге намазға тұру керек. Қалған айналымдарды намаздан кейін жалғастырады.