Тарихи дастандар – Абай аманат еткен жанр
Абай өз шәкірттеріне қазақтың әйгілі хандары мен батырлары туралы тақырыптар беріп, өзінен кейінгі ақындардың әдебиетте тарихи тұлғалар жайлы кесек-кесек туындылар қалдырғанын қалаған деседі. Бұл пікірдің жаны бар ма?
Жандос Сұлтанов, Алматы облысы
Бұлай деуге негіз бар. Зерттеуші Асан Омаровтың еңбектеріне қарағанда, тарихи тұлғалар тақырыбын, негізінен, Абайдың төрт шәкірті – Шәкәрім, Ақылбай, Мағауия мен Көкбай өз шығармашылығына арқау етті. Абайдың ұсынысымен Ақылбай Құнанбаев «Дағыстан», «Зұлыс», «Жарақ батыр» поэмаларын жазды. Ал Мағауия Абайұлы «Медғат – Қасым», «Еңлік – Кебек», «Абылай» поэмаларын туғызды. Көкбай Жанатайұлы өз естеліктерінің бірінде «Абай маған Абылай хан мен Кенесарының қазаққа істеген еңбектерін ұзақ әңгіме қылып айтып берді де, «осыны өлең қыл» деді» деп жазады. Автор «Сабалақ» жыры мен осы жырдың заңды жалғасы саналатын «Төрт төре», «Наурызбай – Фатима» дастандарында Абай айтқан ұсыныстардың үдесінен шығуды ескерген. Тарихи тақырыптардан Шәкәрім «Қалқаман – Мамыр» және «Еңлік – Кебек» хикаяларын еншіледі. Мұхтар Әуезов өз еңбектерінде бұл төрт ақынның өткен дәуірдегі хан-билерді орынсыз сынаған жерлері болса, ұлы Абайдың ондайды жақтырмай, жарияламауға кеңес бергенін айтады.