Сыңсу – тәрбиелік мәні бар салт
Мен сыңсу айтып ұзатылуды армандаймын. Сыңсудың жөн-жобасы туралы айтып бересіздер ме?
Еркежан ЖҰМАТАЕВА, студент
Халқымызда тұрмыс-салт жырларының ең көп тарағандарының бірі – сыңсу. Ұзатылған қыз өз босағасынан аттанар алдында ағайын-туғандарын аралайды. Былайша айтқанда, қош айтысады. Жеңгесін ертіп ағайындарын аралап жүрген қыз жай жүрмейді. Ол өзінің балалық дәуренінің, оң жақта бұлғақтап өскен бақытты күндерінің өткендігін, аяулы ата-анасының, туысқандарының өзін мәпелеп өсірудегі еңбегін өлеңмен айта жүріп өксиді. Ондай өлең жырды «сыңсу» дейді. Қыздың сыңсуы – жарасымды әрі тәрбиелік мәні бар салтанатты салт. Бұл – адамгершілік, әдептілік жағынан алғанда да өте орынды дәстүр. Өйткені балалық күндерден ағайын ортасынан бөлініп кету оңай іс емес. Ал қазақтың қазіргі қыздары бұл дәстүрдің алтын арқауын үзді десе де болады. Бұл ұлттық тәрбие мен ұлттық мәдениеттің ұмытылғандығынан деп танимыз.