Сыйақы беру тәртібі қандай?
Біз қызмет істеп жүрген мекемеде тоқсан сайын қызметкерлерге сыйақы беріп тұрады. Бірақ сыйақы үнемі белгілі бір адамдарға ғана беріледі. Осы орайда біздің білгіміз келгені, сыйақы қызметкерлердің бәріне бірдей берілуі тиіс емес пе? Жалпы, сыйақы берудің заңдылығы қалай?
Айшат, Үміт, Атырау облысы
Еңбекті нормалау және еңбекке ақы төлеу басқармасының сарапшы маманының мәліметінше, қолданыстағы еңбек заңнамасы бойынша, қызметкерлерді сыйақыландыру мәселесі жұмыс беруші тарапынан дербес шешілетін мәселеге жатады. Ал мемлекет тарапынан қызметкерлердiң еңбегiне ақы төлеу саласындағы мемлекеттiк кепiлдiктердің, атап айтқанда, айлық жалақының ең төменгi мөлшерiнің, сағаттық жалақының ең төменгi мөлшерiнің, еңбекке ақы төлеудiң ең төменгi стандарттары және т.б. төленуі ғана қадағаланады.
Дегенмен қолданыстағы заңнама бойынша жұмыс беруші өзі шығарған актілерді орындауы тиіс деген талап бар. Әдетте, қызметкерлерге сыйақы беру және одан айыру тәртібі мекемелерде арнайы жасалған ережелер бойынша жүзеге асырылады. Демек, жұмыс беруші сыйақыландыру мәселесін осы ережелерде көрсетілген шарттарға сәйкес жүргізуі тиіс.