Кәсіпкерлікпен айналысқаныма көп болған жоқ. Жақында салық төлеміне байланысты касса бойынша шығыс операцияларының тоқтатылуы туралы ескерту алдым. Осыны қалай түсінуге болады?
Марат КӘРІМОВ, кәсіпкер
Бұл сауалға Алматы қаласы Алмалы аудандық салық басқармасының бас салық инспекторы Нұрсәуле Дәулетбаева былай деп жауап берді:
– Салық берешегін алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде салық берешегі өтелмеген жағдайда, салық органы ҚР «Салық кодексінің» 606-бабы 1-тармағының 3-тармақшасында аталған салық төлеушінің салық берешегі есебіне оның кассасы бойынша шығыс операцияларын тоқтатады. Салық төлеушінің кассасы бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға, кейіннен оларды салық берешегін, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар бойынша, берешектерді өтеу есебіне аудару үшін ақша тапсыру бойынша операциялардан басқа, кассадағы қолма-қол ақшалардың барлық шығыс операцияларына қолданылады. Салық органы салық төлеуші салық берешегін өтегеннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей салық органының касса бойынша шығыс операцияларын тоқтату туралы өкімінің күшін жояды.