Сығандардың өз туы бар
Елі жоқ, жері жоқ, әлем кезіп көшіп-қонған сығандардың өз туы бар деседі. Сол рас па?
Дидар Ермекбай, Талдықорған
Иә, төл мемлекеті жоқ сыған жұртының өз туы бар. 1971 жылы Лондонда өткен Бірінші бүкіләлемдік сыған конгресінде сығандардың төл туы қабылданған. Сыған туы екі жолақпен – жоғары жағы көк түспен, төменгі жағы жасыл түспен көмкерілген. Тудың ортаңғы бөлігінде қызыл дөңгелек немесе ғылым тілімен айтқанда, сығандардың үнді-арийден тарағанын білдіретін дхармачакра бейнеленген. Дхармачакраға ұқсас нәрсе Үндістан туында да бар екен. Бұл элементтер сыған қауымының өмір бойы рухани жағынан жолда жүретінін білдірсе керек. Шыны керек, әлемдегі сығандардың бәрі бірдей, әсіресе шығыс еуропалық сыған жұрты бұл туды мақұлдап отыр деу қиын. Мысалы, 1992 жылы Ригада өткен сыған конгресінде қызыл дөңгелектің орнына жылқының басын бейнелеу керек деген ұсыныс жасалған.