Соңғы кездері «суперкомпьютер» деген сөз жиі айтылатын болды. Бұл қандай техника? Біз қолданып жүрген компьютерлерден қандай айырмашылығы бар? Қолданыстағы электронды машинаны тастап, соған көшу керек пе?
ІТ мамандарының айтуынша, бұл термин Control Data 6600, Control Data 7600, Cray-1, Cray-2, Cray-3 және Cray-4 компьютер желілерін құрастырған Сеймур Крейдің еңбектері арқасында 90-жылдардан бастап қолданысқа енді. Суперкомпьютер – секундына жылжымалы нүктемен 100 млн операциядан артық іс-әрекет орындай алатын өндірістік қуаты бар сапалы электронды машина. Әзірше ғылыми технологияның бұл жетістігін өндіру мен тұтыну жөнінен АҚШ алда келеді. Мәселен, IBM компаниясы 20 петафлопcтық суперкомпьютер өндіргелі отыр. Бұл – компьютер бір секундта квадриллион операцияны қиналмай орындайтын болады деген сөз. Қазір жаңа өнімді құрастырумен АҚШ энергетика министрлігінің Ливермор ұлттық зертханасы айналысып жатыр. Ол қолданысқа 2012 жылы шығарылмақ. Мұндай қуатты компьютерлерді өндіруді Ресей де қолға алғалы отыр. Суперкомпьютерлердің соңғы үлгілерінің өндіріс пен күнделікті өмірімізге енуі өнеркәсіптің дамуына және басқа да түрлі салаларда сапаның артуына ықпал етпек.