Суперэтнос деген не?
Осы саяси әдебиетте жиі айтылатын суперэтнос деген не? Суперэтносқа қай этнос жатады?
Марал АҚБОЛАТОВА, Орал
Суперэтнос – (лат. super – үстінде, грек. еthnos – халық) – метаэтникалық қауым, полиэтникалық қоғамдарда мәдени-тарихи, этнографиялық ұқсастықтары, сол қауымның шығу ортақтығы негізінде пайда болады.
Негізі, «суперэтнос» ұғымын атақты ғалым Лев Гумилев өзінің этногенездің пассионарлық теориясында енгізіп, қолданған. Оның пайымынша, суперэтнос – ортақ ландшафта қалыптасқан, өзара тығыз байланысты бірнеше этнос кіретін этникалық жүйе, этникалық иерархияның жоғары звеносы. Лев Гумилевтің тұжырымы бойынша, тарихта византиялық суперэтнос, мұсылман суперэтносы, христиан суперэтносы, славян суперэтносы болған. Қазіргі әлемде он шақты суперэтнос бар, мәселен, Батыс Еуропаның бөлігі, Қытай, Үндістан, Ресей, мұсылман әлемі. Америка халқын да суперэтносқа жатқызуға болады. Жалпы, «суперэтнос» ұғымына қатысты саясаттанушылар мен қоғамтанушылар арасында ортақ пікір жоқ.