«Сұңғыла» сөзінде де біраз сыр бар екен
«Сұңғыла» деген сөздің бірнеше мағынасы бар екенін бұрын білмеппін, басқа түрі қандай екенін білмек оймен осы сұрақты сіздерге қойып отырмын.
Нұргүл ШАДИЯРОВА, Астана
Қауын арасында өсетін арамшөпті сұңғыла деп атайды. Бірақ сұңғыла – қауынсыз да өзіне қолайлы жерлерде өз бетінше өсе беретін өсімдік. Ол өзі өсіп тұрған жердегі жемістерді, көкөністерді дәмсіздендіріп тастайды. Себебі өсімдіктердің бар нәрін өз бойына жинап алады. Сұңғыла аталуы да сондықтан болар. Ал «сұңғыла» сөзінің екінші мағынасы адамдарға қатысты. Біріншісі «тез сезе қоятын, зерек, зерделі» деген сияқты жағымды мағынада болса, екіншісі «қу, пәле, залым» деген жағымсыз мағынада айтылады. Екі мағынада да адамның ұтымды қимылы сұңғыла шөптің қасиетіне ұқсас болғандықтан, осындай теңеу пайда болғаны белгілі.