Осыдан екі жыл бұрын елорданың қазіргі «Астана», бұрынғы «Локомотив» футбол клубын жаттықтырған ресейлік маман Сергей Юран Әзірбайжанның бір клубын жаттықтыруға келісім берді деп естідім. Бұл ақпарат рас па? Юранмен келісімшартқа отырған ол қандай клуб?
Жанбота ОРАЛБЕК, Алматы қаласы
2009 жылы «Астананы» жаттықтырып, маусым соңында командадан даумен кеткен Юран содан бері жұмыссыз жүріп, ақыры Әзірбайжан клубын жаттықтыруға келісімін берді. Енді ол алдағы футбол маусымында Әзірбайжанның «Симург» клубын жаттықтыратын болады. Рас, әзірге қанша мерзімге келісімшарт жасалғаны белгісіз. Бірақ, бір анығы, «Симург» өткен футбол маусымында чемпионатта тым сәтсіз өнер көрсетіп, 12 команданың ішінде 11-орыннан көрінген болатын. Яғни регламент бойынша, төменгі дивизионға түсуі керек-ті. Алайда олардың орнын басатын басқа команданың жоқтығына байланысты Әзірбайжан футбол федерациясы «Симургтың» жоғарғы топта қалуына рұқсат берген.
Бір қызығы, Қазақстанда бір жыл жұмыс істеп, нанымызды жеп кеткен Юран Әзірбайжанға барып, Әзірбайжан футболының деңгейі қазақ футболынан әлдеқайда жоғары екенін айтып, жергілікті жұртқа жағуға барынша тырысып жатқан секілді. Мәселен, бірде: «Еуро – 2012» іріктеу турнирінің аясындағы Қазақстан – Әзірбайжан кездесуі сіздердің пайдаларыңызға шешілер деп ойлап едім», — деді. Екінші бір сөзінде: «Қазақстанда бір журналист мен туралы баспасөз бетіне өтірік жазды. Сондықтан қазақ журналистеріне сұхбат бермейтінмін. Ал сіздермен әрқашан емін-еркін тілдесуге әзірмін», – деп тағы да бөсті. «Су ішкен құдығыңа түкірме» деген сөзді ұмытпа, Юран!
Су ішкен құдығыңа түкірме, Юран!
Последние статьи автора