Штангаларды шатастырып алмаңыз?
Ауыр атлетика спортымен айналыса бастағаныма көп бола қойған жоқ. Білгім келетіні, ауыр атлетикада штангалардың қанша түрі бар?
Ермек КӨРПЕБАЕВ, Өскемен қаласы
Бүгінде штанганың төрт түрі бар. 1) Олимпиадалық штанга, 2) Стандартты штанга, 3) ЕZ-грифті штанга, 4) Т-грифті штанга.
Олимпиадалық штанга грифінің салмағы 20 келі, ұзындығы 220 сантиметр болады. Ал диаметрі – 28 миллиметр. Оның дискілері 25 келі (қызыл түс), 20 келі (көк), 15 келі (сары) және 10 келі (жасыл) болып бөлінеді. Сондай-ақ 5, 2,5, 1,25, 1,05, 0,25 келілік кішкентай дискілері де бар. Алайда әйелдерге арналған олимпиадалық штанга сәл басқаша. Яғни грифінің ұзындығы – 2,05 метр, диаметрі – 25 миллиметр. Ал грифінің салмағы – 15 келі.
Стандарттық штанганың олимпиадалық штангамен аса көп айырмасы жоқ. Тек грифінің диаметрі 25 миллиметр болса, салмағы – 10 келі.
ЕZ-грифті штанганың грифі иректеу болып келеді. Сондай-ақ Т-грифті штангада дисктер тек бір-ақ жағына орналасады. (Суретте – Т-грифті штанга).