Спортшыдан мықты саясаткер шыға ма?
Әлемдік саясатта өз орны бар спортшылар жайлы білгім келеді. Жалпы, танымал спортшылардың саясатпен айналысуына жол ашқан дұрыс па?
Азамат, Қарағанды қаласы
Спорт маңызды әлеуметтік феномен ретінде қоғамдық өмірдің барлық саларында жоғары бағаланады. Сол үшін де спорттан саясатқа кеткен тұлғалардың жолы болғыш. Мысалы, жұртшылық Либерия елінің президентігіне Африканың үздік футболшысы Джордж Веа үміткер болғанын жақсы біледі. Филиппин конгресінің мүшелігінде WSB сериясының жеңіл салмақтағы чемпионы Мэнни Пакьяо, Бразилия конгресінің мүшелігіне атақты футболшы Ромарио өткенін де қаперіңізде сақтаңыз. Қазір «Бірлескен Ресей» партиясының құрамындағы белді спортшы-саясаткер Николай Валуевтің де саясаттағы орны көпшіліктің назарын өзіне аударып отыр. Сонымен қатар Грузияның екінші вице-премьерлігіне ұсынылған футболшы Каха Каладзе де әлемде мықты саясаткер деп танылады. Өйткені ол қазір Грузияның өңірлерді өркендету министрі. Үлкен футболды саясатқа ауыстырған «Украина-Алға» партиясының белді мүшесі Андрей Шевченконың да саяси белсенділігі мығым. Бұл орайда танымал боксшы Виталий Кличко Украинадағы «Удар» партиясының саясаттағы рейтингісін шарықтатып жібергенін де айта кеткен жөн. Әрине, танымалдылық саяси мансапқа оң ықпалын тигізеді. Сол себепті де қоғамдық мәселелерге атақты спортшыларды тартқанның айыбы жоқ шығар.