Мен болашақта сот-медициналық сараптама орталығында жұмыс істегім келеді. Мұндай мамандар қайда дайындалады? Кез келген ЖОО-да білім ала ма, әлде арнайы оқу орындары бар ма?
Мейрамхан, Алматы облысы
Бұл сұраққа Алматы қалалық сот-медициналық сараптама орталығының директоры Нұрлыхан ЕРЕЖЕПОВ жауап береді:
– Егер әрбір жас маман болашақта сот сарапшысы боламын деп армандаса, олар міндетті түрде мединституттарда оқуы қажет. Жас маман қолына диплом алғаннан кейін өзінің таңдаған нақты мамандығы бойынша бір жыл интернатурадан немесе 5-6 айлық қайта дайындаудан өтіп, маман сертификатын алады. Одан кейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық қызмет көрсету саласын бақылау комитетіне барып емтихан тапсырады. Ол жерден олар «сот сарапшысы болуға болады» деген арнайы маман сертификатын алады. Осыдан соң тағы да Денсаулық сақтау министрлігінде емтихан тапсырып, сараптаманың нақты бір саласына дайындалады. Бізде тек қана өлік сою емес, түрлі бөлімшелер бар. Мәселен, сот-медицина биология бөлімшесі, медико-криминалистика бөлімшесі, химиялық-токсикология бөлімі, онда біз адамның бойында наша, есірткі секілді құрамдар бар-жоқтығын анықтаймыз, сондай-ақ гистологиялық диогноз қоятын бөлімдеріміз де бар. Осы бөлімшелердің бірін таңдап, сол бойынша Денсаулық сақтау министрлігінде емтихан тапсырады. Одан кейін Әділет министрлігінің регистріне кіргізіліп, аттестация куәлігі беріледі. Егер сол тіркеуде болсаңыз, сараптама өткізе аласыз. Ол жоқ болса, сараптама жүргізуге құқыңыз жоқ. Өйткені сіз сот сарапшысы болып есептелмейсіз. Міне, бұл мамандыққа осылайша сатылап қана келесіз.