Шоқан Уәлихановтың Кадет корпусында оқып жүргенде бір аруға ғашық болғаны жайлы әңгіме естідім. Сол арудың кім болғанын және де Шоқан өмірінде жар сүйген бе, егер мүмкін болса, осы жағын жазсаңыздар...
Аян КЕНЖЕБЕКҰЛЫ, Көкшетау қаласы
Небары 29 жыл өмір сүрген ғалымның жасаған еңбегіне таң қалмау мүмкін емес. Бірақ бір өкініштісі, тектіден тұяқ қалмағаны... Омбы – Шоқанның ізі қалған, соның ішінде махаббатына ескерткіш тұрғызылған қала. Тарский көшесін бойлай жүргенде «Любина роща» атты жер бар, ол кезінде осы қаланың генерал-губернаторы болған Гасфордтың әйелі Любовь Федоровнаның құрметіне қойылған. 1852 жылы, яғни Кадет корпусында оқып жүргенде Шоқан төре осы Любаға ғашық болыпты. Бұл жайлы Омбыда Г.В.Котовтың «Любина роща» атты пьесасы қойылып жүр. Шоқанның өзінің осы бір орыс келіншегіне деген сезімін «Оның аты да, заты да махаббатқа тұнып тұр!..» деп жеткізген.
Бірақ, әрине, Шоқан губернатордың жұбайына үйленбеген. Неге екені белгісіз, өмірінің соңғы жылдарында Шоқан ауырып ауылға келген тұста оны әкесі Тезек төренің қарындасы Айсарыға үйлендіріпті. Ол жайында Ешмұрат Ибрагимов: «Шоқан Үлкен ордаға кетіп, сол жерде Тезек төренің қарындасы Айсарыға үйленді. Айсары ажарлы емес-ті, бірақ ақылды болатын. Өкініштісі, онымен отау құрғаннан кейін көп ұзамай, яғни 1865 жылы Шоқан көз жұмды» деп жазады.