Шиваның қанша қолы бар?
Әдетте үнділердің тас мүсіндегі құдайларының қолдары көп болады, бұл ненің символы?
Арман ЖАРБОЛОВ, Семей
Иә, үнді құдайлары қай кейіпте тұрса да, бірнеше қолмен бейнеленеді. Мәдениеттанушылардың айтуынша, оның мағынасы «Құдайдың бір мезетте көптеген істерді қатар атқара беретіндігін» білдіреді. Үнділер оның басқа да философиялық астарын байқайды. Мысалы, Шиваның қос қолы өлім мен өмірдің тепе-теңдігін суреттесе, келесі бір қос қолы – зұлымдық пен мейірімнің, ендігісі жалпы мен жалқының белгісін береді делінеді. Оның астарлы мағынасы тек қолдарында ғана емес. Шива мүсінінің үш көзі бар, оның біреуі – өткен шақты, екіншісі – осы шақты, соңғысы болашақты, немесе аспан, жер және жер астын, бір мезетте көріп тұрады деген мағына береді. Ал кейбір мүсіндердегі үш басы: құдіреттілігін, ашу мен нәпсіге берілмейтіндігін және мәңгі мейірімді екенін ескертіп тұратындай. Бірақ үнділер, шындығына келгенде, құдайдың мұндай астарлы «бастарының» саны шексіз деп сенеді.