Сірке суымен жөтелді қайтаруға бола ма?
Суық тиіп ауырып жүргеніме біраз күн болды. Қанша дәрі ішкеніммен, жөтел басылар емес. Алма сірке суының жөтелге жақсы ем екенін естідім. Оны қалай қолданады?
Айжан СЕРІКҚЫЗЫ, Сәтпаев қаласы
Денсаулық сақтау мамандарының айтуынша, алма сірке суының біраз ауруларға ем екені рас. Әсіресе, оны қақырық түсіруге және қабынуға қарсы пайдаланған тиімді көрінеді. Тек оны мия және балмен араластырып қолдану керек. Нақтырақ айтсақ, екі ас қасық мия, екі ас қасық алма сірке суы және екі ас қасық бал қосылып жасалған қоспаны күніне алты рет бір шай қасықтан қолданған абзал. Сол сияқты алма сірке суын ингаляция ретінде де пайдалануға болады. Тең деңгейде алынған су мен сірке суының қоспасын ысытып, 5 минут шамасында буымен демаласыз. Бұл әдісті көптеген ауруханалар созылмалы демікпеге шалдыққандарды емдеуге пайдаланады екен.