Сілкіністі неге MSK-64 шкаласымен өлшейміз?
Жер сілкінісін қандай бірлікпен, қандай шкаламен өлшейді? Әлсіз сілкініс деген қанша балл, қуатты тербеліс деген қанша балл?
Нұрболсын Аққазы, Алматы қаласы
«Сейсмология институты» ЖШС мамандарының мәліметінше, жер сілкінісін өлшеудің бірнеше шкаласы бар. Олар бір-бірінен детальды және басқалай өзгешеліктермен ерекшеленеді. Бізге Меркалли, Медведев, Росси-Форель, Рихтер, MSK-64 шкалалары белгілі. Посткеңестік кеңістік көлемінде зілзаланы MSK-64 шкаласымен өлшеу тәжірибесі бекітілген. 12 балдық MSK-64 шкаласы – сейсмикалық дүмпулерді өлшеудің мейлінше дәлдікке ие халықаралық еуропалық өлшем жүйесі. Жер сілкінісі шартты түрде 1-4 балл – әлсіз, 5-7 балл – күшті және 8 балдан жоғары жойқын деп жіктеледі. Балл – жерасты дүмпулерінің жер қыртысында көрінуін сипаттайтын шартты өлшем бірлігі немесе жер бетіндегі топырақтың сілкіну жітілігін білдіретін бірлік.