Шетелде кино түсіріп жүрген қазақ кім?
Қазақстандық режиссерлар шетелде кино түсіруде деп естіп едім. Фильм не туралы және оның авторы кім? Осы жөнінде нақты ақпар берсеңіздер.
Марат Сәрсенов, Алматы облысы
Қазіргі уақытта жерлесіміз Американың Лос-Анджелес қаласында қазақстандық және қырғызстандық киноөндірушілердің бірлесуімен жаңа кинофильмнің түсірілімі өтуде. Мassaget.kz порталының жазуынша, жаңа фильмнің сценарийі бойынша онда ұшқыш болғысы келетін жас баланың балаң арманы көрсетіледі. Жас баланың армандарының орындалуына күтпеген жерден шыға келетін жағдайлар мен мақсатқа жету жолында кедергі келтіретін көптеген жағымсыз кейіпкерлер қарсы шығады.
Фильмді жас режиссер Дәурен Қамшыбаев түсіруде. Режиссердің сөзінше, ол фильмнің басты кейіпкері саналатын бала туындыда өз мақсатына жетіп, армандарын іске асыру үшін ол жолда кездескен қарсылықтармен де, қиындықтармен де күреседі.
«Фильмнің қаһарманы – ішкі тылсымы терең адам. Ол – қарапайым отбасынан шыққан 25 жастағы жігіт. Өзі де қарапайым. Болашақ ұшқыштың арманын орындау жолында оның сағын сындыратын көптеген қолайсыз жайттар кезігеді. Бірақ ол мақсатына жету үшін күш жинайды. Жолда кезіккен барлық қорқыныш мен күдікті ол өз күшіне сену арқылы жеңіп шығады», – дейді Қамшыбаев. Картинаның түсірілімі Лос-Анджелес, Санта-Моника қалаларында және Лагуна Бич жағалауында өтеді.
Қазіргі таңда Голливуд актерлерімен келіссөздер жүргізілуде. Әзірге Дәулет Романұлының бір рөлге тағайындалып қойғандығы белгілі болып отыр. Оған Голливуд гүлзарларында сиқыршылық өнерімен күнін көретін кейіпкердің рөлі бұйырған. Қазақ пен қырғыз бірлескен киноның әзірге нақты атауы белгісіз. Картина «Алғаш рет ұшу» немесе «Жерден жоғары» деп аталуы мүмкін.