Шекшек ата болғанымен, бесінші түлік емес
Қазақ төрт түліктің ішіне ешкіні де қосатынын білеміз. Алайда соңғы кезде ешкіні «бесінші түлік» деп жүргендер шықты. Осы қаншалықты дұрыс?
Карина МӘДИҚЫЗЫ
Ешкі қазақтар үшін өсімтал малдың бірі болғандықтан, қадірлі. Ешкінің еті жеңіл әрі сіңімді, сүті аса құнарлы. Сондықтан ешкінің сүттісін арнайы ұстап, ана сүтіне жарымаған баланы ешкі сүтімен асырайды. Ешкінің серкесін әрдайым қойдың отарына қосып отырады, оның бүкіл отарды бастап, жайылымға апарып, әкелетін қасиеті бар. Дегенмен ешкіні қонаққа соймайды. Ешкі жеңілтек мал деп есептеледі де, мінезі ұшқалақ, шыдамсыз баланы (әсіресе қыз баланы) «ешкі құсап селтеңдеп» деп, ешкіге теңеп отыратыны бар.
Қазақ қой иесі – Шопан ата десе, ешкінің иесін – Шекшек ата деген. Әйтсе де, бұл ешкіні бесінші түлік деп бағалауға негіз бола алмайды. Ғалым Болатхан Махатовтың пікірінше, ешкіні бесінші түлік деп бөліп-жару қисынсыз.