Шарын шатқалының сиқыры неде?
Солтүстік Тянь-Шаньда, Алматыдан екі жүз шақырым жерде орналасқан тамаша табиғат ескерткіші Шарын шатқалдарына жолым бір түспей жүр. Шарын шатқалында тылсым дыбыстар естіледі деседі. Осы рас па?
Шалқар Беков, ШҚО
Осынау табиғи архитектураның пайда болғанына 12 миллион жылға жуық уақыт болды. Бедерлі тік жарқабақтар, бағаналар мен мұнаралар 300 метр биікке жетеді. Табиғат күштері Шарын өзенінің арнасында таңғажайып мүсіндер топтамасын жасаған. Табиғаттың көркем туындылары Шарын өзенінің бойымен 154 километрге созылып жатыр. Шарын шатқалы үлкендігі жөнінен әлемде АҚШ-тың Колорадо жазығындағы Гранд-Каньоннан кейінгі екінші болып саналады. Мұндағы барлық шатқалдар мен сайлар тылсым сырға тұнып тұр. Желді күндері “Мыстандар сайы” деп аталатын жер мистикалық дыбыстарға толы. Аңыздарға қарағанда, бұл дыбыстар – мыстандар тас бағаналар арасына адастырып апарып, шыңырауға итеріп жіберген, кешіккен жолаушылардың ыңырсығандары. Алайда үрейлі дыбыстар шығудың шын себебі ғылыми дәлелденген: мәселе мынада, шөгінді жыныстардың көптеген тесіктері болады, жел тұрған кезде шатқал табиғаттың “үрлемелі аспаптарынан” әртүрлі дыбыстар шығарады және де әр сайдың өзіне тән үні болады. Күннің жылжуына қарай мүсіндердің күрделі формалары да өзгереді, суық жел, жаңбыр және еріген қар сулары мүжіген, біресе аптаптардан, біресе ақырған аяздардан азап шеккен Шарын жағалаулары кірпияз бейнелерін біртіндеп өзгертуде.