Шәмші сыған қызына ғашық болған ба?
«Сыған серенадасы» әнін шығарған Шәмші ағамыз, расында, сыған қызына ғашық болған ба? Оның сол үшін сығандар арасында тұрғаны да ақиқат па?
Әлима Маратқызы, Шымкент қаласы
Негізі, ақын, сазгер, жалпы, шығармашылық адамының әр туындысынан оның өзін іздей беру шарт емес. Себебі олар сондай бір күйді сол сәтте ғана сезінуі мүмкін, соны шынайы етіп көрсете білуімен олардың шеберлігі өлшенеді. Шәмші Қалдаяқов сынды ерекше дарынды, тума талант композитордың кәсіби шеберлігі жайлы талқылаудың өзі артық. Ал нақты сұраққа оралсақ, ол жайлы сазгер ағамыздың жары Жәмила Қалдаяқова өзінің «Замана» газетіне берген сұхбатында былай дейді:
– Шәмші туралы кім не айтпай жатыр? Сыған қызына ғашық болыпты деген де сөз шықты. Ол – қауесет. Шын мәнінде ол былай болған: 1959 жылы оны консерваториядан шығарып жіберді. Сол кездерде мен бұрынғы Красин көшесіндегі сән ательесінде жұмыс істедім. Шәмші мені жұмыстан кейін күтіп алатын. Сол кездегі Пушкин көшесінің бойында сығанның қыз-келіншектері толып жүретін. Әрине, адам болған соң бір-екі ауыз сөйлесіп, әңгімелескендері бар шығар. Бірақ ғашық болды деп даурығудың жөні жоқ. Бұл туралы досы Қалаубек Тұрсынқұловтың естелігінде де жазылған. Ол: «Шәмшіні сыған қызымен еріп кетті деген әңгіме – өтірік. Ал театрдағы қойылым – көркем туынды ғана», – дейді. Шәмші өмірден өткен соң, оны бес саусақтай білемін деп кеуде соғатындар көбейді. Тіпті оны иемденгісі келетіндер де табылмай қалған жоқ. Айналып келіп, оның жас кезінде ішімдікке үйір болғанын айта береді. Ал кейіннен 18 жыл бойы аузына арақ алмағанын бірде-біреуі айтпайды...