Сіздердің газеттеріңіздің кешегі санында Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаевтың облыстың білдей басқармасының бастығы болып билікке бет бұрғаны туралы оқып едім.
Айдын ҚАБДІЛМАНОВ, Алматы облысы
Салауатты өмір салтын өмір бойы ұстанғанымызбен, үлкен спорттың ғұмыры қысқа. Елімізде саясатқа соқпақ салып, лауазымды қызмет атқарып жүрген спортшыларымыз аз емес. Мәселен, әйгілі боксшы, қазіргі Мәжіліс депутаты Серік Қонақбаев, ҚР футбол федерациясының вице-президенті Сейілдә Байшақов, ҚР әуесқой бокс федерациясының атқарушы директоры Бақыт Сәрсекбаев есімдерін атауға болады. Сонымен қатар әлемдегі спорт жұлдыздары туралы айтсақ, КСРО компартиясының мүшесі болған Лев Яшин, Олег Блохин, Владислав Третьяк, Вячеслав Фетисов, Ирина Роднина, Анатолий Карпов және Ресей Парламентінің депутаттары үш дүркін Олимпиада чемпионы Александр Карелин, гимнаст Алина Кабаева, Канада Сенатының депутаты, хоккейші Фрэнк Маховлич, АҚШ сенаторы, баскетболшы Билл Брэдли, Ұлыбритания лордтар палатасының мүшесі, желаяқ Себастьян Коу саясаттан өз соқпағын тапты.
Сондай-ақ Пәкістанның крикет ойынының жұлдызы Имран Хан өз елінде оппозициялық әділет партиясын құрса, баскетболшы Чальз Баркли, бейсболшы Эл Ляйтер губернаторлық сайлауларда, ал атақты футболшы Джордж Вея президенттік сайлауларда бағын сынап көрді. Жоғары Радаға депутат, Киевке губернатор болғысы келетінін жария қылған кәсіпқой бокшы Виталий Кличко Украина саясатының бел ортасында жүр.