Тәуліктің әрбір сәтін өлшеуші құрал – сағат қалай пайда болған? Және де уақыт өлшемдерінің тағы да басқа қандай түрлері бар? Ең қызығы, сағат тілі неге солдан оңға қарай жүреді?
Әлем халқы ежелден-ақ Күн шыққаннан ұясына қонғанға дейін, сосын Айдың туып, Күнге кезек бергенге дейінгі кезеңді нақты өлшейтін құрал ойлап табуға талпынған. Күн сағаты, теңіз сағаты, маятниктік сағат, су сағаты, құмсағат – бұлар бүгінгі сағатқа дейінгі алғашқы уақыт өлшеуіш құралы. Архимед өмір сүрген кез б.д.д ІІІ ғасырда алғаш уақыт өлшеу құралы құмсағат жайлы деректер ұшырасады. Негізінен, оны ойлап тапқан Шығыс ғұламалары.
Ал енді атомдар тербелісін уақыт өлшеуде қолдану идеясы ең алғаш 1879 жылы Лорд Кельвиннің аузынан шыққан. Бірақ оны жасап шығаруға ұзақ уақыт кеткендіктен, сол екі ортада, молекулярлы сағат шығып үлгерді. Ол 1949 жылы Вашингтонның Стандарттардың Ұлттық комитетінде жасап шығарылды. Ал алғашқы дәлме-дәл уақыт өлшемін беретін атомдық сағат 1955 жылы Луи Эссеннің бастауымен Ұлыбританияның Ұлттық физикалық лабораториясында дүниеге келді. Ол Жердің Күнді айналуын дәл өлшейтін біртекті идеал шкаланы қолдану арқылы жасалды. Бұл дүниежүзінде дүр сілкініс туғызып, 1967 жылдан бастап әлем жаңа стандартты уақыт өлшеміне көшті.
Сөз соңында сағат тілінің неге солдан оңға жылжитынына келсек, жауап қарапайым, яғни Күн көлеңкесінің солдан оңға қарай сырғитынына байланысты.