Радиациялық қауіпті аймақ тұрғыны қай жастан зейнеткерлікке шыға алады?
Мен Шығыс Қазақстан облысының ең жоғары радиациялық қауіпті аймағында туып-өстім. Қазіргі уақытта да сол аймақта тұрамын. Бес баланың анасымын. Жалпы еңбек өтілім – 27 жыл. Радиациялық қауіпті аймақта тұрғандықтан және бес балалы ана ретінде 50 жастан зейнеткерлікке шығуыма бола ма?
Сәлима БЕКБАТЫРОВА, Шығыс Қазақстан облысы
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сарапшы мамандарының мәліметіне қарағанда, «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 20 маусымдағы № 136-1 Заңына сәйкес, төтенше және барынша радиациялық қатерлi өңiрлерде 1949 жылғы 29 тамыздан 1963 жылғы 5 шiлдеге дейiн кемiнде он жыл тұрған азаматтар "Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтiк қорғау туралы" Қазақстан Республикасы заңына сәйкес: еркектер жалпы жұмыс стажы 25 жылдан кем болмаған жағдайда 50 жасқа жеткенде; әйелдер – жалпы стажы 20 жылдан кем болмаған жағдайда 45 жасқа жеткенде зейнетақы тағайындалуына құқылы. Ал бес және одан да көп бала туып, оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер 53 жасқа толғанда жасына байланысты толық көлемде зейнетақы алуға құқылы болады.