Мен Зайсан ауданы Қарабұлақ ауылында 1981 жылы туылғанмын. Біздің аудан Семей ядролық полигоны аумағына, яғни минимальды радиациялық аймаққа жатады. Осыны растайтын куәлігім де бар. 2005 жылдан бері Алматы қаласында тұрып, қызмет істеймін. Маған қандай жеңілдіктер қарастырылған?
Арнұр НҰРМҰҚАНҰЛЫ, Алматы
ҚР «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Заңының 2-бабы мен осы Заңның 10-бабында аталған азаматтар санатының өз денсаулығы мен мүлкiне келтiрiлген зиянның орнын осы Заңның 12, 13, 14, 15-баптарымен айқындалған мөлшерде толтыртуға құқығы бар деп көрсетілген. Бұл азаматтар санатына әуеде және жер үстiнде ядролық жарылыстар жасалған кезеңде (1949-1965 жж.) радиоактивтi заттармен ластануға ұшыраған аумақтарда тұрған, жұмыс iстеген немесе әскери (соның iшiнде мерзiмдi) қызмет атқарған азаматтар жатады. Заңның 10-бабында аталған адамдарға куәлiк берiледi, ол осы Заңда көзделген жеңiлдiктер мен өтемдерге құқықты растайтын құжаттар болып табылады. Заңның 13-бабына сәйкес төтенше, ең жоғары, жоғары және ең төмен радиациялық қауіпті аймақтарда және жеңiлдiктi әлеуметтiк-экономикалық мәртебесi бар аумақта тұратын азаматтар қосымша еңбекақы алу, жыл сайынғы қосымша еңбек демалысын алу түріндегі қосымша әлеуметтік қолдау шараларын пайдалануға құқылы. Бұл ретте, қосымша еңбекақы алу, жыл сайынғы қосымша еңбек демалысын пайдалану құқығы Заңда белгіленген аймақтарда жұмыс істеп тұрып жатқан және зардап шеккен азамат мәртебесі бар азаматтарға беріледі. Осы орайда, Семей полигоны аумағынан көшіп кеткен азаматтарға Заңның 13-бабында көзделген әлеуметтік қолдау шаралары қолданылмайды.
Радиациялық аймақ тұрғынына қандай жеңілдіктер бар?
Последние статьи автора