Мен өзімнің қол астымда істейтін қызметкерді жұмыстан шығарғым келеді. Арамызда біраз түсінбеушіліктер орын алған. Енді жұмыстан шығарайын десем ол менімен ерегісіп еңбек демалысына шығып кетіпті. Мұндай жағдайда не істеуге болады? Еңбек демалысы кезінде оны жұмыстан шығаруға бола ма? Мен заңды бұзған болып есептелмеймін бе?
Өмірзақ, Жезқазған қаласы
Заңгер Кәрібай Тасшабаевтың айтуынша, еңбек демалысы кезінде жұмыс берушінің бұлай әрекет етуі заңға қайшы болып табылады екен. Өйткені Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 55-бабында: «Жұмыс берушінің бастамасымен жеке еңбек шартын қызметкер еңбекке уақытша жарамсыз және жыл сайынғы еңбек демалысында болған кезде бұзуға жол берiлмейдi» делінген. Демек, осы бапқа сәйкес, сіздің қызметкеріңізді еңбек демалысы кезінде жұмыстан шығаруыңызға, еңбек шартын бұзуыңызға еш құқыңыз жоқ. Алайда уақытша еңбекке жарамсыздықтан кейін онымен еңбек қатынасын бұзуыңызға құқыңыз бар.