Қызғаншақтықтан құтылуға болады
Ерлi-зайыптылар арасында қызғаншақтық сезiмiнiң қалайда бiр бой көрсетiп қалатыны жасырын емес. Әрi «қызғаныш – жақсы көрудiң белгiсi» деп жатады. Бiрақ кейде шектен тыс қызғаншақтықтың арты бiтiспес жанжалдарға әкелiп соғады. Осы құбылыстан қалай құтылуға болады?
Тамаша ЖАБАҚОВА, Алматы қаласы
Жұбайлардың бiр-бiрiн өзгеден қызғануының орынды және орынсыз себептерi болады. Сiздiң әңгiмеңiз орынсыз қызғаншақтық жөнiнде. Отбасы қарым-қатынасы жайлы зерттеп жүрген психологтар бұған бой бермеудiң мынадай жолдарын ұсынады:
1. Қандай жағдай болмасын, сабыр сақтау. Өйткенi сiзге түймедей нәрсе түйедей болып көрiнуi әбден мүмкiн. Және дәл осы аралық – өзiңiздi қызғаныш сезiмiне жеңдiрмеуге өте қолайлы сәт.
2. Қызғаныштың тууына себеп болған жайларды таразылау. Шиеленiсiп кеткелi тұрған жағдайдан түрлi пәлсапалар арқылы шығу дегендi басшылыққа алған дұрыс. Өмiрлiк серiгiңiздi айыптап, оның «қылмысын» әшкерелеуге толық сенiмдi болсаңыз да, қарым-қатынасыңызды суытып алудың өкiнiшi жайлы да ескергенiңiз жөн.
3. Қызғаныш сезiмiн өзiңiзге «жұмыс iстеуге» мәжбүрлеңiз. Алдымен жолдасыңыздың бойында бар артықшылықтар мен кемшiлiктердi елеп-екшеп алыңыз. Егер оның жақсы қасиеттерi сiзге қарағанда көбiрек болса, сiздiң өзiңiздi өзiңiз тәрбиелеуiңiзге тура келедi.
4. Қызғаныш сезiмi өмiрлiк серiгiңiзбен жан сарайыңызды ақтара әңгiмелесiп көрмегеннен де туындауы мүмкiн. Сондықтан ең әуелi оны сыр бөлiсуге тартқаныңыз абзал. Сiз күдiктенiп жүрген нәрсенiң бәрi бос әурешiлiк немесе екеуiңiз бiрiгiп күресуiңiздi қажет ететiн мәселе болып шығуы әбден мүмкiн.
5. Өзiңiздi өзiңiз шексiз қадiрлеп, жақсы көруден аулақ болыңыз. Сiздiң серiгiңiз көпшiл, кеңпейiл, ал сiз керiсiнше iшi тар адам болуыңыз мүмкiн. Бұл жағдай – орынсыз қызғаныштың өршуiне бiрден бiр себеп.