Қыздар Олимпиада ойындарына алғаш рет қай жылы қатысқан?

Бүгінде спортты қыздарсыз елестете алмаймыз. Менің білгім келетіні, қашаннан бері нәзікжандылар Олимпиада ойындарына қатыса бастады?
Айнұр Иманғалиева, Алматы қаласы
Антикалық дәуірдегі Олимпиада ойындарына қыздар мүлдем қатыспаған. Тіпті нәзікжандыларға спорт түрлерін тамашалаудың өзі тыйым салынған еді. Спорт тек ерлердің ғана айналысатын өнері саналған. Сол кездегі қағидат бойынша, егер Олимпиада кезінде трибунадан әйел затын көріп қалса, оны құзға лақтырып жіберіп отырған. Тек бертін келе ғана қыздар да спортпен айналыса бастады.
1896 жылғы бірінші Олимпиада ойындары да арулардың қатысуынсыз өткен. Дегенмен ойындарды тамашалаған қыздардың саны өте көп еді. Ал 1900 жылы Парижде өткен екінші жазғы Олимпиада ойындары алғаш рет қыздардың тікелей қатысуымен өткен. Нақты айтсақ, Франция астанасына әлемнің 24 елінен 997 спортшы келген болса, соның 22-сі арулар болған екен. Сол кезде әйелдер арасында теннис, крокет, ат спорты, желкенді қайық спорты және гольфтан медальдар жиынтығы сарапқа салынды.





