Жұрт арасында қыз баланың құлағын тесу мерзіміне байланысты түрлі пікірлер бар. Бірі қыздарының ерте жастан сырғалы болғанын қаласа, бірі жас баланың құлағынан ине өткізуге жүрексінеді. Бұл сұраққа мамандар қандай пікір білдіреді? Қыз өсіріп отырған аналар, бойжеткендер не дейді? Әйгілі Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова неліктен қыздың құлағын ерте жастан тестіруді қателікке балайды?
Сәби кезінен сырға тағу дұрыс емес
ейнеп Ахметова, жазушы, қазақы дәстүрлерді насихаттаушы: “Құлаққа сырға салуды қазір “сән” деп қана түсінеді. Жиі көреміз, екі-үш жасар кішкентай қыздар сырға тағып жүреді. Қалталы азаматтар кішкентай қыздарына тіпті гауһар тасты сырғаларды салады. Бұрын қыздың құлағын тесу ер баланы сүндеттеумен бірдей болған. Ер баланы сүндеттер кезде, “сен енді жігіт боласың, ашамайлы тайға мінесің” деп, оны психологиялық жағынан дайындайды. Байқаған боларсыздар, баланы қалай сүндетке отырғызады – оның мінез-құлқы солай өзгереді. Өзін “мен енді жігітпін” деп сезінеді. Қыз баланың құлағын тесерде де осыны қаперге алу керек.
Кеңес өкіметі келгеннен кейін, сырғаға тыйым салынды. Оны “ескілік”, “феодализм сарқыншағы” деді. “Комсомол мүшесіне сырға тағуға болмайды” , “Пионерге өту үшін сырғалы болуға болмайды” деді. Осылайша қазақ қыздарының бүкіл психологиясын өзгерте бастады. Қыздарды еркекшора етуге тырысты. Қарап тұрғанымыздай, бір ғана сырғаның өзінен қаншама әсер болды. Қазір кішкентай қыздар сырға таққанда, ештеңе сезініп үлгермейді. Тек “сән” деген түсінік қалған.
Жасы жетіге келгенше, қыздар қуыршақ, үйшік-үйшік ойнап жүреді. Осы уақытта оған “сен енді сырғалы қыз боласың, қыз санатына қосыласың” деп, құлағын тесуге алдын ала дайындау керек. Қыз ол күнді асығып күтеді. Уақыты келгенде, қыздың әпкелері, тәтелері, апалары жиналып “сырға той” жасайды. Қыздың басына үкілі тақия кигізеді. Осыдан бастап қыздар өзін басқаша сезінген. “Қызға қырық үйден тыю” деген ұғым бар. Ол осы “сырға тағу” рәсімінен кейін басталады”.
“Сәби дүниеге келген уақыттан бастап құлағын тестіретіндер қатары көп”
STUDEX, кәсіби құлақ тесу құрал-жабдықтарын шығаратын орталық: “Инемен тескенде құлақ міндетті түрде ауырады, ал “пистолетпен” тескенде ауруды сезу қабілетіннің азаятыны рас. “Пистолетпен” тескеннен кейін, құлақ көп уақыт ауырады деп жатады. Оған түрлі жағдай себеп болуы мүмкін. Дұрыс тесік қалыптасып, оның толық жазылуы үшін, ең аз дегенде, 6 апта қажет. Құлақ тесерде маманның қолынан бастап, құлақ тесетін бөлмедегі тазалық пен зарарсыздыққа көңіл бөлу керек. Барлық ине-сырғаларды тек бір рет қана пайдалануға болады. Олар зарарсыздандырылған қорапта болуы тиіс, сол себепті таңдаған сырғаңызды сұрап қолыңызға алып, тексеріп көруге қысылмау керек.
Тұтынушыларымыз “құлақты қай уақыттан бастап тескен жөн? деген сұрақты жиі қояды. STUDEX әлемнің 6 континентінің барлық елдерінде ұсынылған. Осыған байланысты түрлі пікірлерді естиміз. Бізге құлақ тестіруге көбіне сәби дүниеге келе салған уақытта жүгінеді. Әрине мұндайға дәрігердің тексерісінен кейін ғана рұқсат беріледі. Бірақ біз баланың өзі “сырға тағу керек пе, жоқ па?” дегенді түсінетін уақытта ғана құлақ тестіруге кеңес береміз”.
Аналар мен бойжеткендердің пікірі қандай?
Айгерім Қапанова, 31 жаста: Қызымның құлағын бес жасында “пистолетпен” тестірдік. Тескен уақытында құлағы ауырмады. Бірақ үйге келгеннен кейін көп ауырсынды. Өзімнің құлағымды қалай тескені есімде. Құлағымның әбден жанын кетіріп, инемен тескен еді. Сол уақытта ауырды, одан кейін тез жазылып кетті. Ал қызымда керісінше болды. Ұзақ уақыт медициналық кремдер жақтық. “Бес жас ерте болып кетті ме?” деп те ойладым. Өйткені сырғасы киімдеріне жиі ілініп қалатын. Қазір алтын мен күмістен басқа сырғаны таға алмаймыз.
Айна Оңғарбекова, 22 жаста: Құлағымды 9 жасымда ауылда тестірдік. Ол кезде сыныптастарымның барлығы сырға тағатын. Ең соңғы болып тестірген мен болдым. Құлағымда сырғамның жоқтығын байқағандар: “етің қатайып кетеді, ертерек тестір. Құлағың жазылмай қояды”, – деп үрейлендіретін. Сөйтіп сәті түсіп анамның құрбысы тесіп беретін болды. Алдымен құлағымды қолдарымен қатты уқалап “жанын” кетірді. Одан кейін қалың, спиртпен тазаланған инемен тесті. Қатты ауырсынбадым, “етінің де қатайып кеткен ештеңесі жоқ”, – деді тәтем. Құлағыма алтын сырға тақты. “Бірден алтын тақса, басқа металдағы сырғалар жақпай қалады” дегенді де естігенбіз. Ондай ештеңесі жоқ. Қазір алтынды да, күмісті де, қарапайым темір сырғаларды да ұзақ уақыт таға беремін.
Гүлшара Нұрымова, 23 жаста: Қызымның құлағын сегіз айында “пистолетпен” тестірдік. Ешқандай қарсы көрсеткіштері болмады. Құлақ тескен орталық жағу керек май, кремдерді ұсынды. Солармен тез жазылып кетті. Қыздың құлағын ертерек тестіргенді жөн деп санаймын. Бала ауырғанын сезбей қалады.