Бұл жөнінде әрбіріміз ойлай бермейміз. Алайда толассыз жарнамаланып жататын қымбат иісмайларды алардан бұрын дәріханаға бас сұққаныңыз абзал. Нәтижесінде ақшаңыз қалтаңызда қалады әрі сапалы өнім сатып ала аласыз. Ал әсері қымбат иісмайлардан нашар емес.
Бұл ретте дәріханаларда сатылатын табиғи құралдардың емдік-косметикалық өнімдерді алмастыра алатын түрлерін қарастырдық. Десе де қолданар алдында дәрігермен кеңескеніңіз жөн.
Алқызыл су
Алқызыл су – раушан гүлі күлтелеріндегі эфир майынан алынған дистиллят. Бұл хош иісті зат теріні тазартып, ылғалдандырады және ісінумен күреседі. Оған қоса теріні балғын етіп, құрақтығы мен майлылығын жояды. Алқызыл су – бет терісінің барлық типтері үшін жарамды. Оны қолданудың да еш қиындығы жоқ: мақтаны алқызыл сумен дымқылдап алып, таңертең және кешкілік бетіңізді сүртіңіз.
Балшық
Балшық – нағыз үй косметологы. Оның пайдылы қасиеті көп. Балшықты теріні тазарту, ылғалдандыру, нәрлендіру, құрылысын қалпына келтіру және серпімділігін арттыру үшін қолданады.
Тері сусызданбас үшін, балшықтан маска жасағаннан кейін ылғалдандыратын иісмай жаққан дұрыс.
Салицил қышқылы
Салицил қышқылы – безеулерге, саңылаулардың бітелуіне қарсы және бет терісіндегі дақтарды кетіру үшін ең танымал құралдардың бірі. Ол ісінулерді басып, залалсыздындырып, құрғатады және тері тінін жаңартады. Бастысы, шектен тыс қолданбаңыз.
Шай ағашының майы
Шай ағашының майы ең тиімді эфир майларының бірі ретінде мойындалған және пайдалы қасиеті өте көп: ол бет терісін тазартып, теріге тереңінен сіңіп, жұқпалы ауруларды емдейді. Сонымен қатар бұл майды қолдану бет терісінің майлылығынан арылуға көмектеседі.
Ихтиол жақпамайы
Бұл терімен байланысты қиындықтардан құтқаратын тамаша құрал. Жақпамай ісінудің кез-келген типіне, тіпті, теріасты тіндеріне тереңінен таралған түрлеріне де жағымды әсер етеді. Ол таза күйінде не сабын түрінде сатылады.
Хлоргексидин
Көптеген косметологтар мен дерматологтар хлоргексидинді безеуге қарсы қолдануға кеңес береді. Сонымен қатар ол майлы бет терісі үшін тиімді. Бірақ қолданар алдында маманмен кеңескен жөн. Себебі микробқа қарсы бұл құрал терінің қорғаныс қызметін сақтайтын микроағзаларды жойып жіберуі мүмкін.
Қарамайлы сабын
Бұл сабынның пайдалы қасиеттерін санамалап болмайсың. Оның бағасы да өте арзан. Қарамайлы сабын майлы тері үшін – тамаша құрал. Бет терісінің майлылығынан арылтып, саңылауларды тарылтып, тері бетін залалсыздандырып, безеу пайда болуының алдын алады.
Бірақ бұл құралды аса сезімтал, нәзік және тым құрғақ тері иелері қолданбағаны абзал. Ал қолданғаннан кейін міндетті түрде ылғалдандыратын иісмай жағу керек.
Цинкті жақпамай
Цинкті жақпамайдың безеулерге қарсы әсері күшті. Оны терідегі қиындық тудыратын аумақтарға ғана нүктелей жағады. Ол вазелин мен цинк тотығынан тұрады. Ал аталған заттар адсорбциялайтын, антисептикалық және қабынуға қарсы әсерге ие. Жақпамайды қолданғаннан кейін теріні ылғалдандыру керектігін ұмытпағайсыз.
Балдыр
Ұнтақ түріндегі тұщы сулы жөкені кез-келген дәріханадан сатып алуға болады. Бұл өсімдіктің құрамында түрлі минералдар мен дәрумендер, сезімтал теріге көптеген қиындықтардан аылуға көмектесетін басқа да пайдалы микроэлементтер бар. Ол безеулерді емдеп, әжімдерді жазады, теріге дәрумендер сіңіреді және пилинг үшін мінсіз құрал болып табылады.
Шабдалы майы
Шабдалы майы – мінсіз косметикалық және емдік құрал. Ол терінің созылғыштығын арттырып, бөртпелер пайда болғанда көмектеседі. Сонымен қатар бет терісін саулығы мен жарқырауына әсер етеді.