«Құтты білік» – мемлекет басқару саласына арналған туынды
Ғалымдар «Құтты білік» дастанына «мемлекетті басқару мәселесіне арналған шығарма» деп баға беріпті. Жалпы, осы Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігін» сол кезеңдегі саяси ахуалды бейнелеген туынды ретінде қабылдауға бола ма?
Мұрат Төленді, Орал қаласы
Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» еңбегінде елдегі барлық лауазым, кәсіп иелеріне қойылатын моральдық-этикалық талаптар сипатталған. Сол себепті де «Құтты білік» дастаны шығыстың әр елінде әртүрлі аталып келеді. Бір елде – «Айнак ул-мамлакат» («Мемлекет тәртібі»), екіншісінде – «Панунаман мулук» («Әкімдерге насихат»), үшіншісінде «Адаб ул-мулук» («Әкімдердің әдептілігі») деген атпен мәлім. Бұл атаулардың бәрі – «Құтты білік» дастаны, негізінен, мемлекетті басқару мәселесіне арналған туынды екенін растай түседі. Дастанның басты идеясы төрт принципке негізделген. Мәселен, солардың біріншісінде мемлекетті дұрыс басқару үшін қара қылды қақ жаратындай әділ заңның болуы керектігі айтылады. Осыдан-ақ бұл туынды өз дәуіріндегі қоғамдық мәселелердің саяси мәнін ашып көрсетті деуге негіз бар.