Құс тұмауынан сақтанудың жолдары қандай?
Мал еті қымбат болғандықтан, базардан, дүкеннен құс етін жиі сатып аламыз. Алайда биыл Қытай елінде құс тұмауының қайта шығып, адам өліміне соқтырып жатқан фактілер жайлы теледидардан естіп жатырмыз. Осы орайда «сақтансаң сақтаймын» дегенді ескеріп, қандай сақтық шараларына аса көңіл бөлуге кеңес бересіздер?
Қайырғали ҚОЖАХМЕТОВ, Алматы облысы
Күләш ШЫНЫБАЕВА, дәрігер-педиатр:
– Құс тұмауының жоғары патогенді Н5 N1 вирусы – бүгінгі таңда індеттің пайда болуына себепкер болатын штамм. Індет балаларға аса қауіпті. Ауруға көбінесе балалардың шалдығуы бала ағзасының ерекшеліктері мен олардың арасындағы қарым-қатынастардың көп болуымен байланысты. Егер Н5N1 вирусы адам тұмауына қосылса, ол адам өміріне қауіп төндіреді. Әлемдегі құс ауруынан қайтыс болғандардың жартысы – балалар. Аурудың болжамды себептерінің бірі – үй құстарын күтумен байланысты. Сондықтан балаларды тұмаудан сақтандыру – ата-аналардың міндеті. Осы сәуір айында Қытай Халық Республикасының Шанхай аймағында құс тұмауынан (Н7N9) алты адам қайтыс болды.
Жалпы, тұмау індеттерінің алдын алуда мыналарды ескерген жөн:
1. Балаларға жабайы және үй құстарын ұстауға рұқсат бермеу.
2. Ауру және өлі құстар жөнінде лезде малдәрігерлік қызметіне хабарлау.
3. Құс етін пісіргенде алдымен жақсылап жуып, бір сағаттан астам, жұмыртқаны кем дегенде 15 минут қайнату қажет.
4. Дүкеннен құс етін сатып алғанда сапасы туралы сертификат талап ету керек.
5. Базардан құс етін сатып алғанда ветеринарлық, санитарлық дәрігердің берген рұқсатын талап етіңіз.
6. Көше-көлденеңде құс етін сатып алуға мүлдем болмайды.