Құрылтайшылар тізімінен қалай шығуға болады?
Мен түрік-қазақ бірлескен кәсіпорынына бір пайыздық үлеспен құрылтайшы болған едім. Бірақ ол кәсіпорын бірнеше жыл бұрын жұмысын тоқтатқан. Алайда кәсіпорынның салықтық қарыздары қалған екен. Енді сол қарыздар менің алдымнан шығып отыр. Құрылтайшылардың тізімінен шығайын деп сотқа арыз берсем, «қалған құрылтайшылардың келісімі керек» дейді. Әділет органы арқылы құрылтайшылар тізімінен шығуыма бола ма?
Зульфия ХАЙРУЛЛИНА, Атырау облысы
Әділет органы маманының мәліметіне қарағанда, әділет органдары өз құзыреті шегінде заңды тұлғаның құрылу, қайта тіркелу, құрылтай құжаттарына енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың тіркелу, қайта ұйымдастырылу және қызметінің тоқтатылу фактiсiн куәландырады. «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» Заңының 43-бабына сәйкес, серіктестіктің жарғылық капиталы мөлшерін, орналасқан жері мен фирмалық атауын өзгертуді қоса алғанда, оның жарғысын өзгерту немесе серіктестіктің жаңа редакциядағы жарғысын бекіту туралы сұрақтарды шешу жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің (бұдан әрі – ЖШС) жалпы жиналысының ерекше құзыретіне жатады. Тіркеуші орган құрылтай құжаттарын тіркеу рәсімінен өткізгеннен кейін сараптама жасайды. Ал құрылтайшылар құрамынан шығуға қатысты мәселелері тіркеуші органның құзыретіне жатпайды.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 8-бабына сәйкес, әрбір адам бұзылған немесе даулы конституциялық құқықтарын, бостандықтарын немесе заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгінуге құқылы. Кодекстің 298-бабына сәйкес, судья істі соттың қарауына әзірлеу кезінде қандай адамдардың жоқ адам туралы мәлімет бере алатынын анықтайды, сондай-ақ жоқ адам туралы соңғы мәлім болған тұрғылықты жері және жұмыс орны бойынша тиісті ұйымдардан ол туралы бар мәліметтерді сұрауға құқылы.